✍️ Ақтөбеде мектеп, отбасы және қоғам серіктестігін дамытуға арналған стратегиялық сессия өтті.
- Дата: 31.10.2025
🏫Бүгін Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектеп базасында «Мектеп, отбасы, қоғам серіктестігі: рухани және әлеуметтік құндылықтарды біріктіру алаңы» атты стратегиялық сессия өтті. Іс-шара Ақтөбе облысының білім басқармасы мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Ақтөбе филиалының бірлесуімен ұйымдастырылды.
Сессияның негізгі мақсаты – рухани және әлеуметтік тұрғыда кемел тұлғаны қалыптастыруда мектеп, отбасы және қоғам арасындағы серіктестікті нығайту, тәрбие жұмысының үздік тәжірибелерін талқылау және оқушыларды қолдаудың тиімді стратегияларын айқындау болды.
Іс-шараға облыс мектептері мен колледждерінің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, психологтар мен педагог-мамандар қатысты.
Бағдарлама аясында қатысушылар тәрбие берудегі заманауи үрдістер, құқықбұзушылықтың алдын алу және цифрлық мәдениетті қалыптастыру тақырыптарында сараптамалық баяндамаларды тыңдап, мектеп пен отбасы серіктестігін дамытудағы үздік тәжірибелермен бөлісті.
🔹Сессия барысында мектептің психологиялық мәдениетін қалыптастыру, ата-аналарды тәрбиелік үдеріске тарту, киберқауіптердің және девиантты мінез-құлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
🎙️Спикерлер қатарында Қ.Жұбанов атындағы АРУ ғалымдары, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалынан тренерлер және өңір педагогтері сөз сөйледі. Олар «Ата-аналар жексенбілігі» жобасы, «Пікірсайыс өнері» бағдарламасы мен «Қиын бала ма, әлде қиын қоғам ба?» атты пікірталас алаңының нәтижелерімен бөлісті.
✔️Сессия соңында қатысушылар мектеп, отбасы және қоғам арасындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған резолюция қабылдады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар педагогтар мен ата-аналарды, қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік серіктестерді тарта отырып жүйелі түрде жалғасын табатын болады.